***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған мерекелік шараларға қатысты. Онда Елбасы осынау бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату тәтті тіршілік кешіп жатқан ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігін ұлықтайтын мерекенің мәні мен елдегі бірлік, татулық пен келісім сияқты ұғымдардың маңызына тоқталды. «Халқымыздың ұлтына, және діни нанымдарына қарамастан, достық пен сенім, ынтымақтастық пен ауызбірлік біздің отандастарымыздың барлығына тән. Бұл - біздің бірлігіміздің негізі, біздің тұрақтылығымыз бен рухани күшіміздің қайнар көзі, ертеңгі күнге деген сеніміміз. Біз алуан мәдени және тілдік орта алауыздық пен араздыққа себеп бола алмайтынын күллі әлемге көрсеттік. Керісінше, бұл біздің маңызды стратегиялық даму ресурсымыз»,-деді Н.Назарбаев. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Адастырмайтын ауызбіршілік» атты мақалада жазылған.
Сонда-ақ осы басылым Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары -Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың «Тұрақтылық, бірлік, жаңғырту» атты мақаласын жариялады. Онда Е.Тоғжанов Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі қазақстандық қоғамды қалыптастырудағы рөлі, болашақ міндеттері және жалпы қоғамдағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен төзімділік факторлары жөніндегі ойларымен бөліседі.
***
«Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытудың ең басты жолдарының бірі - оны ғылым мен техника тілі ретінде дамыта түсу және салалық терминологиялық сөздіктерді жасауды бір жүйеге түсіру, ретке кетіру мен жетілдіру»,-дейді тіл мамандары. Осы мақсатта Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшелері салалық терминологиялық сөздіктерді жасауды қолға алды. Жуырда «Қайнар»
университетінің мәжіліс залында осы мәселеге арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Онда да осы мәселе көтерілді және олар «Қазақ әдебиеті» басылымында «Терминологиялық сөздік жасаудың кейбір мәселелері» атты тақырыппен жарық көрді.
***
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік этносаясатты ғылыми-талдаумен қамтамасыз ету, міндеттер мен перспективалар» атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясының қорытындысына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Аталмыш шараға Мемлекеттік басқару акдемиясының профессорлары мен ұстаздарынан бөлек Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесінің өкілдері де қатысты.Онда Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов ғылыми-сараптамалық кеңес өкілдерінің Ассамблея сессиясында Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың барлығын жүзеге асыратындығын атап өтті және осы бағыттағы қадамдар еліміздің ұлысаралық, конфессияаралық келісіміне жаңа, тың серпін бермек. Аталмыш жиында көтерілген осы мәселелер «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Формула согласия» атты мақаласында қамтылған.