Құрманғазының атақты күйін домбырамен Павлодар музыкалық колледжінің мұғалімі Салтанат Өтемісова және облыстық филармонияның қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің әртісі Мейірман Байбосынов орындады.
Оларды Қазақстанда электровиолончельде ойнай алатын жалғыз музыкант – облыстық филармонияның симфониялық оркестрінің әртісі Ксения Делиахметоғлу өзінің баламасы жоқ аспабымен сүйемелдеді.
- Бұл клипте «Адайдың» дәстүрлі үніне электровиолончель араласып, күйге ерекше әуез беріп тұр, - дейді облыстық филармония директорының орынбасары Ләтипа Құрақбаева. – Оның мағынасы – қазақтың ұлттық әуездерін кез келген музыкалық аспап арқылы ең жоғары деңгейде орындауға болатынын дәлелдеу. Оған қоса клипті көрсеңіз, онда домбыра мен электровиолончель, кім мықты дегендей, бір-бірімен жарыса ойнайды.
Бейнебаян «Ертіс Медиа» ЖШС техникалық қолдауымен Павлодардағы 17-қабаттық тұрғын үйдің шатырында түсірілген. Бейнеклипте сондай-ақ, Павлодар мен Баянауылдың сұлу жерлері көрсетілген.