Адай жылқысы - қазақтың бағзы тарихынан қалған табиғи таза тек
Тарих беттеріне үңілсеңіз, көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те атаған. Себебі, ұлан-ғайыр даланы мекен еткен ұлы тұрғындардың тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысты болған.
Бабадан жеткен «Ер қанаты - ат» деген мәтелдің өзі осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін де орны ерекше екеніне дәлел бола алады. Жылқы - қазақтың ұлттық сана-сезімі мен рухани болмысының тұтас бір айырылмас бөлігі.
Қазақ - ат десе ішкен асын жерге қоятын халық. Жылқының дүбіріне елітпейтін қазақ кемде-кем. Тіпті, арғы ата-бабаларымыз «темір тұлпар» болмаған баяғы заманда Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын осы ат көлігімен жалғады.
Бұл туралы айта берсек, бір емес, бірнеше том кітапқа сыйдыра алмасымыз анық. Кешегі Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, Қабанбайдың Қубасы, Ер Жәнібектің Көк дөнені, Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы сияқты есімдері аңызға айналған аттардың әрқайсысы бір-бір кітапқа лайық.
Ал бүгінгі таңда осындай әңгімелерге арқау болатын жүйрік тұлпарлар жоқтың қасы деуге болады. Кешегі, күнді күнге жалғап ентікпей шабатын қазақ жылқыларының тұқымдары құрып, оның орнын өзге елден әкелінген жылқылар басып барады.
Десе де, соңғы жылдары қазақ топырағынан шыққан Адай жылқылары әлемдік ареналарда алдына қара салмай, ел назарын өзіне аудара бастады. Бүгін осы Адай жылқысы туралы аздап әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.
Адай жылқысы беріде пайда болған немесе мамандардың әртүрлі қылқұйрықтарды өзара будандастыру арқылы ет пен сүт бағытында «қолдан жасаған» жылқы тұқымы емес екен. Ол - тағдыры мен тұрмыс-тіршілігі жылқы түлігімен тамырлас қазақтың байтақ даласында сақталған қылқұйрықтың бір түрі. Халқымыздың бағзы тарихынан қалған табиғи таза тек. Адай жылқысының бойы биік, өзі сұлу, мойыны ұзындау, шоқтығы да биік, арқасы мен сауыры ұзын әрі салыңқы, етсіз аяғы жуан, құйма тұяқты болып келеді.
Адай жылқысын кезінде орыс ғалымдары да зерттеген екен. Я. Полферов, Г.Сизонов, Ю.Барминцев сияқты ғалымдар қазақ жылқысына ерекше қызығушылық танытыпты. Алғашқысы 1899 жылы Ресейдің «Конезаводство» журналында «Лучшие породы киргизской лощади - Адай» атты мақала жариялап, қазақ жылқысының атын әлемге танытуға алғашқы қадам жасаса, соңғысы: «Адай жылқылары қазақ жылқыларының басқа тектерімен салыстырғанда ең ірі тұқымдарының бірі болып табылады», деп бағалаған екен.
Ал қазақстандық ғалымдар - А.Иманғалиев «Адай жылқысы» кітабын жарыққа шығарса, М.Нұрышевтың монографиясы академик И.Нечаевтің ықыласына ие болады. Маңғыстау облысында біраз жыл осы салада басшылық қызметте болған Сәбит Әбішев есімді азамат Адай жылқысын танытуға, зерттеуге біраз тер төгеді.
Сәбит Әбішевтің зерттеуіне сүйенсек, орыс ғалымдарының қазақтың бұл жылқысына аңсары аууы әріден басталғанын айтады.
Бүгінде Адай жылқысының тұқымы Орынбор, Қазақстанның Торғай өңіріне және батыс бөлігіне кең таралған. Кезінде Адай жылқыларын әскери бағытқа бейімдеп өсіру үшін Торғайдан 3 зауыт ашып, оған Маңғыстаудан біраз жылқы кетеді. Сондай-ақ төрт түлік малы Маңғыстау даласына сыймаған ірі байлар өзге аймақтарға жайыла қоныс тебеді. Кезінде, Қалнияз Жұбан деген бай 10-15 мың Адай тұқымды жылқымен қыста Жем бойын жайлап, одан әрі Торғай бетіне өтсе, енді бір байлар Жем, Сағыз, Қобда, Жайықтың бергі сағалары, Жайықтан әрі өтіп Еділге қарай 10 мыңға жуық жылқымен кетеді екен. Маңғыстау бетінен таңдап жиған Адай тұқымды 10 мың жылқымен Пірәлі ханның, сонымен қатар, осынша жылқыны алдына салып Әбілқайыр ханның балдызы Мырзатай батырдың, 5000 отбасымен қыруар жылқы айдап Сүйіндік руының Орал өңіріне баруы туралы деректер бар. Айтулы байлар батыс өңірді жайыла қоныс еткен 1868-1870 жылдары олармен бірге Адай жылқысының 47 пайызы кетеді де, қалған бөлігі Маңғыстауда қалады екен. Қазіргі әлемдік додаларда қазақтың атын шығарып, олжа салып жүрген жүйіріктер - осы қалған жарты бөліктің тұқымдары көрінеді.
Адай жылқысы туралы осыған дейін танылмай келді. Соңғы жылдары әлемдік ареналарда оза шауып жүлде ала бастағаннан кейін барып, ел назары қайта ауа бастады. Соңғы кездері Адай жылқылары Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп, айтулы жарыстардан алтынмен оралып жүр.
Міне, осындай өзімізде бар керемет асыл тұқымды жылқыларымызды біреу білсе, біреу біле бермейді. Болашақта Бүкіл дүниежүзіне белгілі ағылшын мен араб жылқыларының деңгейіне Адай жылқысы да көтеріледі деген үмітіміз бар. Тарихи-мәдени ескерткіштер сияқты Адай жылқысы да бабадан бізге жеткен асыл мұра. Сондықтан атқұмар азаматтарға шетелден араб, ағылшын жылқыларын елге тасығанша, өз еліміздегі, өз қорамыздағы Адай жылқысын өсіруге, тұқымын асылдандыруға күш салса екен дейміз.
Күнсұлтан Отарбай