АДБ бюджет тапшылығын қаржыландыруға 1 млрд. доллар қарыз береді - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Қарсы циклдік дамуды қолдау) ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Келісім 2015 жылдың 18 қарашасында Астанада қол қойылған. Келісімнің мақсаты макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтау, кірістер өсімінің тұрақты қарқыны есебінен экономиканың тиімді және сапалы өсімін қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бірге, келісім бойынша республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 1 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде қарыз беріледі.

«Тұтастай алғанда, қаражат елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын қолдауға және Үкіметтің экономиканы ынталандыру және экономикалық өсуге ықпалдасу жөніндегі стратегиялық шараларының орындалуына мүмкіндік береді. Азия Даму Банкінің қарызы 3 жылдық жеңілдік берілетін кезеңді қоса алғанда, 5 жыл өтеу мерзімімен ұсынылып отыр», - деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Тұтастай алғанда, Қарыз қаражаты мемлекеттік қаржылар мен республикалық бюджеттік бағдарламаларды уақытылы қаржыландырудың теңгерімділігін қамтамасыз етеді. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.