Оның айтуынша, жергілікті азық-түлік өнімдерінің сапасын арттыру үшін мемлекет тарапынан халықаралық талаптарға сай жаңа сапа стандартын қабылдау қажет.
«Орталық Азия өңірі, соның ішінде Қазақстанның ет-сүт және жеміс-көкөніс өнімдерін өндіруде әлеуеті өте зор. Бірақ, ол әлі де толық ашылмаған. Сондықтан, біз қазір Алматы мен Бішкек қалалары және олардың айналасындағы облыстардың әлеуетін арттыру мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді Лурдес Адриано.
Сонымен қатар форумда, ауыл шаруашылығында кластерлер құру бойынша әлемдік тәжірибелер қарастырылды.
«Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты әлем елдерінде экономиканың өсімі бәсеңдеп жатыр. Бұл жағдайда ауыл шаруашылығы секторы және агробизнестегі қосылған құн тізбегі кластері Қазақстанның экономикалық өсімінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Бұл жерде «Алматы-Бішкек» экономикалық дәлізі осы өңірдің инклюзивті дамуына бағытталған», - деді Л. Адриано.
Айта кетелік, Азия даму банкінің «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы» бағдарламасы аясында 2014 жылы Алматы мен Бішкек қалалары арасында экономикалық дәлізді дамыту бойынша меморандумға қол қойылған. Дәлізді дамытудың негізгі бағыттары: білім, денсаулық, сақтау, туризм, ауыл шаруашылығы, қала дамуы және басқа да салалар.
Бүгінгі форумнан кейін Азия даму банкінің сарапшылары Бішкек қаласында да осындай форум өткізеді.