Әдебиет бойынша Нобель сыйлығы норвег жазушысы Юн Фоссеге бұйырды

Нобель комитеті әдебиет бойынша марапатты шығармаларында сөйлеу құқығынан айырылған адамдардың дауысына ерекше назар аударатыны үшін норвег авторы Юн Фоссеге берді. ҚазАқпарат бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: thebookerprizes.com

Фоссе — қазіргі замандағы ең танымал және Еуропа театрларында ең сұранысқа ие драматургтердің бірі.

Театр сарапшыларының сөзінше, Фоссе шығармаларының сюжетін кейіпкерлердің күшіне емес, өзіне сенімсіздігі, өлімнен қорқуы, өз күшіне күмәндануы сынды әлсіз тұстарына негіздеп құрады.

Сол себепті де оның пьесалары танымал.

Бұл күмәннің бәрі адамдарға таныс, осы жағдай Фоссені сұранысқа ие автор етті, деді швед академиясының өкілдері жеңімпазды анықтау салтанатының сыртында.

Юн Фоссе алғаш 1983 жылы «Қызыл, қара» романын жазды, ал оның ең алғашқы «Біз ешқашан айырылыспаймыз» пьесасы 1994 жылы жарық көрді.

Оның драматург ретінде танымал жұмыстарының қатарында «Жаздың бір күнінде» (1998), «Өлім тақырыбының түрлері» (2001), «Мен — жел» (2007) және басқалары бар.

Ең танымал романдары — «Таң, кеш», «Ұйқысыздық» және басқасы.

Биылғы үміткерлер қатарында Салман Рушди, Харуки Мураками және Маргарет Этвуд сынды танымал жазушылар да болды.

Олардың бәрі әдебиет бойынша беделді марапат иелері.

Рушди мен Этвуд сыйлықтарының қатарында Букер премиясы да бар. Этвуд тіпті оны екі рет жеңіп алған.

Фоссенің аты да үздіктер қатарында айтылғанымен, сыншылар Дэн Сяохуа деген лақап атпен жазатын қытай жазушысы Цань Сюэ жеңеді деп болжады.

Сыншылардың айтуынша, оның шығармаларында әлем мен Қытайдағы XX ғасырдың турбуленттігі ғажап сипатталған.