Әдебиет пен кітап оқудың цифрлық технологиялары жобаларына 50 млн теңге грант бөлінеді

АСТАНА. KAZINFORM — Әдебиет пен кітап оқудың цифрлық технологиялары саласындағы 10 қазақстандық жобаға 50 млн теңге грант бөлінеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Креативті индустрияларды дамыту қоры (Qazaq Creative) отандық әдебиет, кітап шығару және кітап оқудың цифрлық технологиялары саласындағы стартаптар мен инновациялық жобаларға грант бөлу конкурсын қорытындылады.

Конкурсқа барлығы 172 өтінім түсті. Іріктеу нәтижесінде 10 жоба жеңімпаз атанды. Оларды іске асыруға шамамен 50 млн теңге қарастырылған. Әр жобаға 5 млн теңгеге дейін грант беріледі.

Қолдау тапқан бастамалар қатарында қазақ тілінде кітап оқуға арналған цифрлық кітапханалар мен платформалар құру, балаларға арналған кітаптар мен комикстер шығару, жасанды интеллектіні қолдана отырып, интерактивті білім беру құралдарын әзірлеу жобалары бар.

Атап айтқанда, «Сөз-Қазына», Oqiber, «Бір беттік кітап: Қазақ ертегілері», Satti.asia, «Тәтті ертегі», Abai Library, «Tulga», Compara жобалары, сондай-ақ қазақстандық комикстер топтамасы мен «Домбыра үйренгім келеді» жобасы гранттық қолдауға ие болды.

Бұл бастамалар отандық әдебиеттің қолжетімділігін арттыруға, қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге, балалар мен жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ заманауи цифрлық технологиялар арқылы ұлттық мәдениетті дәріптеуге бағытталған.

Италиялық жазушының әйгілі шығармасы қазақшаға аударылғанын жазған едік.