«Әдебиет порталы» «Қазақтың бірлігін ту еткен қос батыр!» атты жыр бәйгесін жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 'Әдебиет порталы' 'Қазақтың бірлігін ту еткен қос батыр!' атты жыр бәйгесін жариялайды.

WBK тұжырымы бойынша Қытайда өткен ережесіз жекпе-жектен халықаралық чемпионаттың финалына жолдама алған қос қазақ - қазақстандық Айбек Нұрсейіт пен қытай қазағы Ғабит Тұрсынбек бір-біріне жұдырық жұмсамағаны үшін төрешілерден ескерту алып, жарыстан шығарылды. Дегенмен екеуінің мәрттігі мен бауырмалдығы әлеуметтік желіде үлкен жаңғырық туғызып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ақын, аудармашы, әдебиеттанушы Жүкел Хамай қос батырға жыр арнап, ел жүрегін одан әрі елжіретті. "Әдебиет порталы" осы үрдісті жандандырып, қазақтың барша ақындарына "Қазақтың бірлігін ту еткен қос батыр!" атты жыр бәйге жариялайды!

Айбек пен Ғабиттің ерлігіне арналған жыр додасына қатысамын деушілер өлеңдерін порталдың электронды поштасына (аdebiportal@gmail.com) жібере алады. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында бәйге қорытындысы шығарылып, ең үздік үш өлеңге арнайы сыйлықтар беріледі»,- делінген портал ақпаратында.