«Әдемі» көлік нөмірлеріне ресми тарифтер белгіленді

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті автомобильшілерге «әдемі» нөмірлерді ресми сату мәселесін көтеріп отыр.

Бұл ретте, қалаған әрбір адам есте сақталатын сандар мен әріптерді заңды түрде сатып ала алады. Армандағы қаңылтырларға тарифтер ресми белгіленді. Бұл туралы 3 мамырдағы №77 (17435) санында «Экспресс К» газеті жазады.

Көзге түсер «белді» нөмірлері бар автомобильдер біздің жолдарымызда көптеп кездеседі. Бақытты 777 немесе бірінші және соңғы сандары бірдей «айна» нөмірлер -  жүргізушіні өзінше ерекшелендіріп тұрады. «Мұндай бақытты қайдан алдыңыз?», - деген сұраққа көлік иелері: «Сәттілік...»,- деп жымыңдай жауап қайырады. Неге екені белгісіз, қазіргі уақытта сәттілік көбіне қымбат көліктердің иелеріне жиі жолығатын болды.

Жол полициясы комитеті тіркеу-емтихан тапсыру жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Бахытжан Балташевтің мәліметінше, мемлекеттік нөмірлердің екі санаты анықталды: ерекше және көбірек сұранысқа иелер. Бұл санаттар бойынша қатаң бағалар белгіленді: 1,5 мың доллардан 2,5 мың долларға дейін.

Оның айтуынша, мұндай жаңашылдықтар Үкімет қарауына берілген «Жол қозғалысы туралы» заң жобасында қарастырған. Жобаның авторлары ерекше санатқа 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009 нөмірлерін жатқызды. Көбірек сұранысқа ие нөмірлер арасында 100, 200, 300, 400, 500, 600, 700, 800, 900, сондай-ақ 111, 222, 333, 444, 555, 666, 777, 888, 999 бар.