Әдеп кеңесінде білім саласының 9 қызметкеріне қатысты іс қаралды - ОҚО

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы Әдеп кеңесінде білім саласының 9 қызметшісіне қатысты тәртіптік істер қаралды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшылығы білім беру қызметкерлерімен өткізілген алқа отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент басшысы Әли Көмекбаевтың сөзінше,  агенттіктің аумақтағы Әдеп жөніндегі кеңесі жұмысының басымдығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың профилактикасына бағытталған.

Кеңесте қаралған тәртіп бұзушылықтардың басым бөлігі мектеп директорын тағайындау кезінде конкурсқа қатысқан үміткерге артықшылық көрсету мен мемлекеттік сатып алу конкурсының қатысушыларына кедергі жасауға қатысты болған. Сондай-ақ,  атқарылмаған жұмыстарға алдын ала қаржы аудару фактілері де орын алғандығы айтылды. Бүгінгі таңда Әдеп кеңесінде қаралған тәртіптік істер сараланып, оларды болдырмау және алдын алу мақсатында мемлекеттік орган басшыларына арнайы хаттар жолданған.

Айта кетейік, ұжымдарда жиі кездесетін бұзушылықтарды талқылау енді  түрлі  мекемелерде өткізілмек. Халықпен кері байланысты орнату мақсатында департамент басшылығы облыстың барлық аудандарын аралап, тікелей халықпен кездесуді жоспарлап отыр.