Қазіргі заманғы мемлекеттік қызмет жаһандық мәселелерге төзімділікті қалыптастыру жолында мемлекеттік қызметшілерге жаңа талаптар қояды. Бүгінгі күні біз кез келген жағдайда тиісті тәсілдер мен айрықша шешімдер табуға қабілетті, ерекше ойлайтын жаңа форматтағы мемлекеттік қызметшілерді қалыптастыруды көздейміз. Осы мақсатқа қол жеткізу жолында туындайтын мәселелерді шешу және жою қажет. Тәжірибеге сүйенер болсақ, қазіргі заманның дәстүрлі рәсіміне айналған бейресми кездесулер көптеген мәселелердің шұғыл шешілуіне, мемлекеттік қызметшілерді жаңа дағдыларға жылдам үйретуге, мәдени алмасуға, тәжірибе қабылдауға және ой-өрістің кеңеюіне ықпал етеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған кездесу бейресми, басқа сөзбен айтқанда «галстуксыз» форматта өткізіліп, ол өз кезегінде ашық және ізденіске толы әңгіменің туындауына ықпал етті. Қатысушылар мемлекеттік қызметшілердің санасын жаңғырту бірқатар әдеттер мен таптаурындардың өзгеруінсіз мүмкін еместігін атап өтті. Бұл үшін әрбір мемлекеттік қызметші өз қалауымен өзгеріп, жұмысына деген қарым-қатынасын да өзгертіп, өзінің маңызды рөлін түсінуі тиіс. Сонымен қатар, көпшілік мемлекеттік қызметшінің тиімді жұмысына, санасының өзгеруіне бөгет болатын күнделікті қызметтегі «артық» элементтерден құтылу қажеттігін атап өтті.
Жастармен жасалған жұмыстың жаңа үлгісі екі жақтың да көңілінен шықты. Жас мамандар жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын ұстануы, олардың сыртқы келбеті мен әлеуметтік желіде өзін өзі ұстауы сияқты мемлекеттік органдар қызметінің түрлі бағыттары бойынша өз пікірлерін білдірді.
Жиын барысында Әдеп жөніндегі кеңестің рөліне ерекше көңіл бөлінді. Іскерлік әдептілік және ресми әдептілік талаптарын ұстанудың, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің ұстамдылығы мен сыртқы келбетінің ұқыптылығы әдетке айналуы тиіс екені айтылды.
«Мемлекеттік қызметші қоғам тарапынан негізді сынға себепкер болмай, Әдеп кодексінің талаптарын мүлтіксіз ұстануы тиіс. Басшылар болса өз қарамағындағы қызметшілер үшін әрқашан үлгі-өнеге болып, меритократия қағидасының ұстанылуын қамтамасыз етуге тиісті» - деді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов.
Сонымен қатар, Берген Беспалинов мемлекеттік қызметтің гүлденуіне жол ашатын басты шарттардың бірі - басшылар мен оның қарамағындағы қызметкерлер арасындағы айрықша сенім мен ынтымақ екенін айтты. Оның айтуынша, осы шарт жұмыстың тиімділігіне ықпал етеді.
Облыстық мәслихат депутаты Әлібек Баймағамбетов жастарды көбірек бастама көтеруден жалықпай, белсенді болуға шақырса, «Қазақстанның іскер әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысындағы өкілі Тұрсынхан Шайкина мемлекет пен бизнестің өзара қатынасына тоқталып өтті.
Дәл осындай галстуксыз кездесу 24 қыркүйекте Жастар саясаты мәселелері басқармасында да өткен. Кездесуге қатысушылар - өз тағдырларын мемлекеттік қызметпен байланыстыруды жоспарлайтын ЖОО студенттері.
Кездесу соңында Берген Беспалинов қатысушыларға белсенділік танытып, жақсы идеялар мен ұсыныстар айтқаны үшін алғыс білдіріп, барлық пайдалы және негізді идеялардың қажетті қолдауға және көмекке ие болатынына сендірді.