Әди Шәріпов шығармалары бүгінде әдебиетіміздің алтын қазынасына қосылып, ел игілігіне айналуы қаламгердің рухани өмірінің жалғасы - ҚР Мемлекеттік хатшысы

АЛМАТЫ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Әди Шәріповтың еңбек жолы, Отан қорғаудағы ерліктері, ғылымдағы жетістіктері, әдебиеттегі бейнелері  жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Әди Шәріповтың 100 жылдығына арналған салтанатты кеште ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хатында айтылды.

«Әди Шәріповтың есімі қалың оқырман қауым үшін етене таныс. Оның қаламынан туған «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Қапастағы жұлдыздар», «Сахара қызы»,  «Дос сыры» атты шығармалары көпшілікті, бірнеше толқын ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге қызмет жасады. Шынайы шындыққа негізделген шығармалары көркемдік деректілігі жағынан оқырмандардың жоғары бағасын алды. Әди Шәріпов шығармалары бүгінде әдебиетіміздің алтын қазынасына қосылып,  ел игілігіне айналуы қаламгердің рухани өмірінің жалғасы», - дейді М.Абрарұлы өз құттықтауында. Сондай-ақ ол әр жылдары Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары, Қаз КСР Оқу министрі, Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қаз КСР Сыртқы істер министрі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы және КСРО Жазушылар одағының хатшысы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инстиутының директоры қызметтерін абыроймен атқарған қоғам қайраткерінің азаматтық, адамгершілік қасиеттері, парасаттылығы көпке ғибрат болғанын тілге тиек етеді. Бұл құттықтауды Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрына жиналған жұртшылыққа Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев  оқып берді.