Моңғол археологтары батыс Маңғолияның Борт багийн Үзүүрт гялан өлкесінде жүргізген қазба жұмыстары барысында әйелдің сүйегін тапты. Моңғол және түрік зерттеушілерінің тобы табылған заттың 9 түрлі үлгісін алып, сараптама жасау үшін АҚШ-қа жіберді.
Сараптама нәтижесі бойынша, киізге оралып, мумияға айналдырылған адамның денесі IX-X ғасырдағы Қырғыз қағанатына тиесілі.
Сонымен қатар, археологтар ежелгі қабырдан 40-тан астам артефакт: ер-тоқым, жүген, балшықтан жасалған құмыра, ағаш тостаған, астау, темір қазан, жылқының тұтас қалдықтарын тапты. Археологтар осы жерден жастықтарды, қойдың басы мен тұтас қабырғасы салынған киізден жасалған жол сөмкені, ешкінің сүйектері мен тостағанға арналған шағын тері сөмкесін тапты.
Ховд аймағы мұражайының маманы Б.Сүхбаатар хабарлағандай, мумияланған әйел ақсүйектер отбасынан емес, қарапайым халықтың арасынан шыққан. Себебі, ол жібек матадан тігілген киімдер кимеген.
Айта кетейік, мумияның аяғында болған аяқ-киімді желі қолданушылары «Адидас» фирмасының кроссовкасына ұқсатқан еді.