Әділ Ахметов: Әлеуметтік желіні бақпаған шенеунік дұрыс шешім қабылдай алмайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әрбір министр, әрбір билік басындағы азамат әлеуметтік желідегі болып жатқан дүниені білмесе, ол дұрыс шешім қабылдай алмайды. ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшесі Әділ Ахметов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Президенті ұлықтау рәсімінде айтылған бастамаларды талқылауға арналған ҚХА кеңесінің отырысында.

 «Әр билік ауысқан кезде іс насырға шауып, соғыс болып жатқан елдер бар. Сондықтан, сондай болмасын деп, Елбасы біраз лауазымды өзіне алды да, еліміздің қауіпсіздігін, мемлекетіміздің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін осындай қадамдарға барды. Енді Президент сайланды. Халықтың мандатына ие болды. Басшы біреу болуы керек, қалғанымыз қосшы болуымыз керек дегенді баяғыдан айтып жүрміз. Биліктің шашыраңқы болғаны дұрыс емес деп ойлаймын. Билікті бір жерге шоғырландыру керек. Билік бір жерге шоғырланған кезде Президент мықты болады. 2-3-ке бөлінер болса, қадір-қасиет болмайды. Біз осыған мән беруіміз керек. Халық бәрін көріп отыр. Жастар да, шетелдегілер де байқап отыр», - деді Әділ Ахметов.

Ол өз сөзінде қауіпсіздікті сақтау үшін жасалған қадамдар қайтып орнына келіп, мандатын алған Президентке биліктің толық көшуі керектігін атап өтті.

«Сонда халықта екіұдайлық болмайды. Сонда халық билікті сыйлайтын болады. Билік бөлек тұратын болса, ондай билікті халық сыйламайды. Осыған біз қатты маңыз беруіміз керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы дипломат адам. Оның әрбір сөзінің астары бар. Біз сол астарды түсінуіміз керек. Парламент те, Үкімет те мықты болуы тиіс», - деді ол.

Әділ Ахметовтің айтуынша, мемлекеттік қызметке қадірлі адамдар баруы керек.

«Сонда ғана ел дұрыс дамитын болады. Президенттің сөзінде осындай астар бар. Сондықтан, Президенттің сөзі - бағдарламалық баяндама. Бәрі де адами факторға байланысты. Әділет болмаған жерде ешқандай береке болмайды. Біз интернет пен ақпараттық технологияның дамыған заманында өмір сүріп отырмыз. Әрбір министр, әрбір билік басындағы азамат әлеуметтік желідегі болып жатқан дүниені білмесе, ол дұрыс шешім қабылдай алмайды. Өйткені, әлеуметтік желі - барометр. Халықтың ішінде не болып жатқанын әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Мәселе сонда.  Баяндаманың негізгі мақсаты осы. Сабақтастық болғаны өте дұрыс. Елбасының өзі айтты. Сабақтастықты жалғастырып, бұрын қабылданған бағдарламаларды орындау үшін жаңағы принциптер орындалуы керек», - деді Әділ Ахметов.