РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін шаршы алаңға шыққан 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов финалда кубалық боксшы Хулио Сесар ла Крусқа жол беріп, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі.
Осылайша қазақ боксшысы екі дүркін Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Бұл Олимпиада тарихындағы қатарынан екі рет финалға шыққан екінші боксшымыз. Осыған дейін Болат Жұмаділов екі бірдей Олимпиаданың финалына шығып, екі мәрте күміс жүлдегер атанған болатын.
Міне, бүгін Әділбек сол ағасының ерлігін қайталады.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Василий Левит Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанса, кеше Данияр Елеусінов 69 келі салмақта Олимпиада чемпионы атанды.Енді боксшыларымыздан бір ғана боксшы жарыс жолында қалды. Ол - аса ауыр салмақтағы Иван Дычко. Бұйырса, Олимпиада ойындарының соңғы күні ол да қоржынымызға медаль сыйлайды деген үміттеміз.
ФОТО: Данияр Майлыбаев
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.