Әділбек Жақсыбеков 111 оқушыға «Алтын белгі» төсбелгілерін табыс етті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда елорданың 111 мектеп түлегін «Алтын белгі» төсбелгісімен марапаттады. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде өздерінің үздік білімін дәлелдей алған болатын.

«Бүгін түлектер үшін айрықша күн - бұл сіздердің өмірлеріңіздегі жаңа кезеңнің бастауы. Сіздер жаңа өңірге қадам басасыздар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Егер, өткен жылы «Алтын белгіге» лайқтылар 94 болса, бүгінде сіздердің қатарларыңыз 111 түлекке жетіп отыр. Әрине, мұнда сіздердің ұстаздарыңыздың зор еңбек сіңіргені сөзсіз. Елордада білім беру деңгейінің жылдан жылға артып келе жатқандығы қуантады. Астана шын мәнінде республикада көшбасшы болып отыр», - деді қала басшысы.

Осы ретте Ә.Жақсыбеков таяуда ғана ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі арасында рәсімделген 2015-2017 жылдарға арналған білім жүйесін жетілдіруге бағытталған меморандум елордадағы білім сапасын арттыруға септігін тигізетіндігін баса айтып өтті.

«Астанадағы білім сапасының өсіміне инфрақұрылымдық даму тікелей ықпал ететіндігі сөзсіз. 17 жылдың ішінде Астанада 44 мектеп салынды. Бұл көптеген күрделі мәселелерді шешуге өз септігін тигізді. Бұған қоса, ағымдағы жылы 5075 орынға есептелген жалпы білім беретін 5 мектеп пен мектептерге жапсарлас 1050 орындық қосымша ғимарат салынбақ», - деді Ә.Жақсыбеков.