Оның айтуынша, 1994 жылдың 6 шілдесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің бұрынғы парламентінде - Жоғарғы Кеңестің жалпы отырысында ел астанасын көшіру туралы күтпеген ұсыныс жасаған.
«Бірталай адамдар үшін Президенттің бастамасы түсініксіз болды. Экономикада дағдарыс орын алған, инфляция. Айналаның бәрі күйзеліс, кәсіпорындар тоқтаған, жалақы мен зейнетақылар уақытында берілмейді. Мұндай кезде астананы көшіру туралы сөз қозғауға бола ма?! Мұндай ауыр міндетті көтере аламыз ба?! Жоғарғы Кеңестің депутаттары қызу айтыс-тартыстан кейін Президенттің ұсынысына қолдау білдірді, бірақ олардың өздері көшіруге 30-40 жыл керек екеніне сенімді еді. Дегенмен Мемлекет басшысының күтіп отыратын ниеті де болмады. Уақыт батыл іс-қимылды талап етті», - деп еске алды Әділбек Жақсыбеков «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Астана - Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны» мақаласында.
Әділбек Жақсыбеков ондаған жылдар өткен соң ғана қабылданған шешімнің дұрыстығына көз жеткенін атап өтті.
«Әйтсе де 1994 жылы Президент аса үлкен тәуекелге бел буды. Іс жүзінде, ол өзінің саяси болашағын жаңа астананың табысты болуымен байланыстырды. Айтпақшы, астананы көшіруді сынай отырып, барынша ұпай жинағысы келген түрлі айлакерлер мұны бірден сезе қойды. Олар немен қорқытпады дейсіз болмай қоймайтын орасан шығыстардың кесірінен экономиканың күйреуімен де, Астананың аш қасқырдай ұлыған қысқы аязымен де, ызың қаққан бармақтай сары масасымен де. Көп жыл өткен соң Президенттен астананы көшіруге қалай батылы барғаны, төпеген сын мен түсінбеушілікке, тіпті қарсылыққа қарамай, алға жылжу үшін соншама күш пен сенімді қайдан алғаны туралы сұрадым. Нұрсұлтан Әбішұлы: солай істеуге тиіс болғасын істедім, өйткені ел тағдырына жауапты болдым, деп жауап берді. Ал енді сынау жағын айтатын болсақ... Ештеңе істемесең - ешкім де сынамайды. Бірдеңені қолға алсаң - онда да сынайды. Сондықтан ең жақсысы, бір нәрсе істегенің дұрыс. Әйтпесе адам дегенің істей алмай кеткен нәрсесі туралы өмір бойы өкініп өтпей ме», - делінген мақалада.
Әділбек Жақсыбеков Мемлекет басшысының батылдығының, батыл президенттік реформалардың арқасында, соның ішінде астананы көшірудің арқасында ғана дағдарысты еңсеріп, дамудың тұрақты жолына түскенімізді баса айтты.
«Жаңа астана экономикада нақты жағымды алға жылжуды қозғап жіберген иін темірлердің бірі болды. Құрылыс саласы еңсе көтере бастады, ал оның соңынан тізбек бойынша бүкіл елде басқа да өндірістер қарқын алды. Мыңдаған жұмыс орны ашылды. Дегенмен ең маңыздысы - Астана халқымыздың өзіне деген сенімін нығайтып, қанаттандырды, елдің жаңаруының, жаңа тәуелсіз Қазақстанның шынайы рәмізіне айналды», - деді ол.