Әділбек Жақсыбеков қалалық сенбілікке қатысып, шырша көшетін отырғызды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков «Біз таза қала үшін» атты қалалық сенбілікке қатысып, «Хазірет Сұлтан» мешіті жанына шырша көшетін отырғызды.

«Қазіргі уақытта біздің қаламызда экологиялық айлық жүріп жатыр. Бұл уақыттың ішінде қаланың көшелерін тазартып, ағаш отырғызамыз. Бүгінгі шараға жүз мыңнан астам адам қатысуда. Олардың ішінде Парламент депутаттары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, мектеп оқушылары мен студенттер бар. Мұндай шаралардың тәжірибелік мәні зор», - деді қала басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Айта кетерлігі экологиялық айлық барысында қала көшелері мен жол жиектері, аула іштері тазартылып ағаш отырғызылуда. Сонымен қатар жаңбыр суы ағатын желілер, арықтар тазартылып, саябақтар мен гүл бақтарындағы жасыл көшеттерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар жүргізілуде.

Сенбілік кезінде астаналықтар тал, үйеңкі, қарағай, шырша, шегіршін, тереңтердің 4 мыңға жуық көшетін отырғызады. Сондай-ақ мектеп, балабақша, медициналық мекемелердің ауларына 3 мыңнан астам ағаш егіледі.

Мұнан бөлек, шара аясында студенттер, еріктілер мен әскерилердің қатысуымен Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арнасы мен жағалауы қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазартылады.