Әділет министрі мемлекеттік адвокаттардың қызметін бақылауды күшейту қажеттігін айтты

АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Әділет министрі Рашид Түсіпбековтің пікірінше, еліміздегі мемлекеттік адвокаттардың қызметін бақылауды күшейту қажет. Ол бұл ойын бүгін аталмыш министрліктің алқа мәжілісінде білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттің есебінен көрсетілетін адвокаттық қызметтердің сапасы жақсартуды қажет етеді. Тәжірибеде айыпталушының тегін адвокаттың қызметінен бас тартатын оқиға жиі кездеседі, себебі олар адвокаттар тарапынан нақты заңнамалық көмектің көрсетілетініне сенбейді.

Бюджет қаржысы есебінен адвокаттардың қызметтерін төлеу кезінде қарама-қайшы жағдай қалыптасып отыр: мемлекет қызметтерге тапсырыс бере отырып, олардың көрсеткен қызметтерінің сапасын бақылай алмайды. Ақша қаражаттары сатып алынатын қызметтердің көлемін және орындамағаны үшін жауапкершілікті қарастыратын келісімдерді жасамай төленеді», деді алқада министр.

Осы орайда Р. Түсіпбеков халыққа құқықтық көмекті көрсетумен байланысты қызметтерді төлеу жөніндегі республикалық бюджеттік бағдарламалардың біртұтас әкімшісі болып табылатын мемлекеттік органды анықтау қажеттігін айта келе: «Мұндай орган - Әділет министрлігі болуы тиіс», деді.

Сонымен қатар, Р. Түсіпбековтің пікірінше, республика соттары қызметтерінің негізгі бағыттары бойынша қазақстандық адвокаттарды мамандандыру мәселесін шешу қажет. Бұл да олардың жұмысының сапасын жақсартуға ықпал етеді.