Ол бұл ұсынысын аталмыш министрліктің бүгінгі алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бағалау қызметтерін көрсету нарығында бірқатар өзекті проблемалар бар. Бағалаудың сапасы мен оның шынайылығы әділетті сынға ұшырауда. Осыған байланысты біз аталмыш жағдайды түбегейлі өзгерту қажет деп есептейміз. Бұл қызмет толықтай өзін-өзі реттеуге көшпестен бұрын, біз мұнда тәртіп орнатуымыз керек», деді алқада министр.
Оның сөзіне қарағанда, бағалаушылар арасында бәсекені шектеуге ықпал ететін шарттарды жою жөніндегі шараларды қабылдау қажет. Себебі, қаржы институттары мемлекеттік лицензиясы бар нысандарды аккредиттеу процедурасын қолданады. Нәтижесінде әрбір коммерциялық банк тек қана өзінің бағалаушыларымен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл кепілде тұрған мүліктерді бағалаудағы есеп-қисаптардың шынайылығына теріс әсер етуде. «Тәжірибеде мұндай бағалаушылар шынайы емес, банктердің лауазымды тұлғаларына пайдалы мүліктің құнын бекітеді», деді министр.
Р. Түсіпбековтың пікірінше, осы олқылықтардың салдарынан қоғамда бағалаушылар есеп-қисапта тапсырыс берушіге пайдалы кез-келген құнды көрсете алады деген тұрақты көзқарас қалыптасқан. «Сондықтан бағалаудың бірыңғай мемлекеттік стандарттарын белгілеу қажеттігі пісіп-жетілді», деді министр.
Сонымен қатар, Р. Түсіпбековтің пікірінше, бағалау қызметін дамытуда келешекте сатып алу-сату мәмілелері туралы ақпараттық қор құру қажет. «Бұл мәселені шешу бағалаушылардың жұмысын, уәкілетті органдар тарапынан мониторинг пен бақылауды айтарлықтай жеңілдетеді», деді ол. Оның айтуынша, Қазақстанда жан басына шаққанда бағалаушылардың саны АҚШ, Ұлыбритания және Ресейдегі көрсеткіштен асып түседі.