Әділет министрі Р.Түсіпбеков Мәжіліс депутаттарымен әділет органдарының жұмысын жетілдіру мәселелерін талқылады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрліктің баспасөз қызметі атап өткендей, кездесу барысында әділет органдарының жұмысын жетілдірудің негізгі аспектілері талқыланды. «Мәселен, Әділет министрі депутаттарға мемлекеттік мекеме ретінде ерекше статусы бар Заңнама институты құрылатындығын айтып, бұл заңнамалық бастамалардың ғылыми пысықталуының және Институттың өзінің болжау-талдау жасау қызметінің сапасын арттыратындығын жеткізді. Жоспар бойынша Институт келесі жылдан бастап жұмыс істейді», - делінген баспасөз баянында.
Сондай-ақ нотариалдық және қорғаушылардың қызметін жетілдіру ұсыныстары талқыланып, нотариустер мен қорғаушылар кандидаттарынан емтихан қабылдайтын аттестациялық комиссиялардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін, бұдан былай комиссия мүшелігіне Мәжіліс және Сенаттан бір-бір депутат, Жоғарғы соттың судьясы, Әділет министрлігінің өкілдері мен заңгер-ғалымдар қосылатын болып шешілді.
Сонымен қатар, тараптар сот-сараптамалық жүйені жетілдіру, өзекті құқықтық ақпараттар мен тіркеу қызметтеріне азаматтардың қол жетімдігі мәселелеріне қатысты пікір алмасты.