Әділет министрлігі:Адвокаттар үшін алғашқы жарнаны алып тастау керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адвокаттардың кәсіби әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету мақсатында екі деңгейлі тәртіптік комиссия құрылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын талқылау кезінде Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда адвокаттық қызмет нарығы жеткілікті деңгейде дамымаған және озық елдердің көрсеткіштеріне сәйкес келмейді.

Оның негізгі себептерінің бірі - адвокаттардың жетіспеуі. Ол өз кезегінде үміткерлер үшін негізгі мәселелердің бірі болып табылатын өте жоғары кіру жарналарынан туындайды. Алғашқы жарналардың алынып тасталуы адвокаттық мамандыққа жас заңгерлердің кіруіне, адвокаттардың арасындағы бәсекелестікті күшейтуге және олардың санының артуына мүмкіндік береді», - деп тоқталды министр.

Оның пайымынша, Қазақстанда адвокаттармен көрсетілетін кәсіби қызметтердің сапасын тиімді бақылау жоқ.

«Әр адвокаттың қашан және не үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны туралы ашық ақпарат жоқ. Адвокаттардың кәсіби әдеп нормаларын сақтауын, тәртіптік істердің объективті және жан-жақты қаралуын қамтамасыз ету мақсатында екі деңгейлі тәртіптік комиссияны құру қарастырылған», - деп түсіндірді М. Бекетаев.

Сонымен қатар ведомство басшысы елімізде адвокаттардың біліктілігін арттыру тетігі қалыптаспағанын атап өтті. Ал әлемнің озық елдерінде адвокаттардың тұрақты және жүйелі түрде кәсіби біліктілігін арттыру міндеті заңнамамен бекітілген.

 «Адвокатураның сапалық құрамын жақсарту мақсатында заң жобасымен адвокаттардың біліктілігін көтеру тетігі қарастырылған.

Бұл адвокатура саласында бәсекелестікке және қызмет сапасына оң әсерін тигізеді», - деді министр.

Фото: intermediachannel.it