«2020 жылы 177 мыңнан астам сот сараптамасы жүргізілді. Ақылы қызметтер бойынша табыс 475 млн теңгені құрады. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 81 млн теңгеге немесе 20,8 пайызға артық», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Вице-министрдің айтуынша, 319 сот сарапшысының біліктілікті арттыру, оның ішінде виртуалдық аутопсия және компьютерлік технологиялар сияқты сараптаманың жаңа түрлері бойынша курсы ұйымдастырылды. Сот-сараптамалық зерттеулердің 15 жаңа әдістемесі әзірленді. Жаңа кәсіби стандарттар бекітілді. Сараптама сапасын бақылау және бағалау механизмі жетілдірілді. Орталықтың 3 филиалына аккредитация жүргізілді. Аккредитациялауға тағы 6 филиал дайындалды.
«Сарапшылардың еңбекақысын көбейту мәселесі пысықталды. Желтоқсан айында медициналық сот сарапшыларының еңбекақысын жұмыс берушінің қаражаты есебінен 30 пайыздан 45 пайызға дейін, зейнетақы жарнасын 5 пайызға көбейтуді көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды», - деді Азамат Әмірғалиев.