Әділет министрлігі азаматтарға әзірленетін заң жобаларын талқылауға қатысуды ұсынады

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Әділет министрлігі мемлекеттік органдарға заң жобаларының мәтінін өз интернет-ресурстарында орналастырып қана қоймай, азаматтарға ескертулер мен ұсыныстарын жолдау мүмкіндігін қамтамасыз етуді ұсынады.

Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында аталған ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті.

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда отандық интернет сегментте қандай да бір сала бойынша арнайы танымға ие белсенді пайдаланушылар көп. «Сәйкесінше, олардың ұсыныстары заң жобасын жасау кезеңінде жекелеген нормалардың әлеуметтік, экономикалық және құқықтық салдарын болжауға мүмкіндік береді», - деді ресми өкіл.

Е.Ерімбеттің пікірінше, қазақстандық интернет пайдаланушылар үшін өз ұсыныстары мен ескертпелерін жолдау мүмкіндігі барынша жеңіл болуы қажет. «Заң жобасы тіркеусіз, қандай да бір электрондық кілтті алмай-ақ талқылануы керек», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы Парламентке 36 заң жобасы ұсынылады. Олардың қатарында Әкімшілік іс жүргізу кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, ҚР кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бар.