Әділет министрлігі экономикалық қылмыстарға қатысты жазалардың балама түрлерін айтарлықтай кеңейтуді ұсынады

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат -  Әділет министрлігі экономикалық қылмыстарға жазалардың балама түрлерін айтарлықтай кеңейтуді ұсынады.

Бұл туралы бүгін министрлікте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы-экономикалық қылмыстарды одан әрі декриминализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

«Біз бұған дейін ҚР Қылмыстық кодексінің қаржылық-экономикалық қылмыстарды қамтитын 7 бөліміне сараптама жасап шыққан едік. Соның барысында бас бостандығынан айыруға балама жаза түрлерінің қолданылмай отырғанын аңғардық. Сондықтан да, экономикалық қылмыстардың бірқатары бойынша бас бостандығынан айыруға қатысты балама жаза түрлерін қолдануды кеңейтуді ұсынып отырмыз. Бұдан бөлек, біздің көзқарасымыз бойынша қылмыстық кодекстің осы бөлімінде бірқатар қылмыстар формалды сипатқа ие. Сондықтан да, бұларды «қылмыстың материалдық құрамы» дәрежесіне ауыстыруды ұсынамыз», - дейді Әділет министрлігі Стратегиялық жоспарлау және ұйымдастыру-талдау жұмысы департаментінің директоры Исидор Борчашвили. 

Оның айтуынша, заң жобасы бойынша ұсынылатын жаза түрлерінің қатарында «материалдық шығынның орнын «екі еселенген мөлшермен» өтеу жазасы да белгіленіп отыр. Дегенмен, бұған қарсы пікірлер де баршылық.

«Жазаның осы түріне қарсы шығатындар негізінен «бүгінгі күні экономикалық қылмыстарды декриминализациялау барысында бұндай мәселені қараудың қажеті жоқ еді, өйткені бұл қазіргі таңда әзірленіп жатқан жаңа Қылмыстық кодекстің жобасында қамтылып жатыр» дегенді алға тартады. Ал біздің ойымызша, егер жаңа Кодекстің жобасында бұл қамтылатыны анық болса, ендеше осындай маңызды мәселені неге кейінге ысыру керекпіз.  Оны бүгіннен заңнама жүзінде сіңіре беруіміз керек» ,- деді И. Борчашвили.