Әділет министрлігі «Электрондық нотариат» ақпараттық жүйесін енгізуді жоспарлап отыр

АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Таяуда ҚР Әділет министрлігі «Электрондық нотариат» жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағаттында ҚР Әділет министрі Зағипа Бәлиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ағымдағы жылы біз «электрондық нотариат» ақпараттық жүйесін құруға байланысты жұмысты қолға алатын боламыз. Бұндай жобаның негізгі мақсаты азаматтар тарапынан мәмілелер, келісімшарттар жасалғанда заңнамалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Бұдан басқа жобаның экономикалық қылмыс жолдарын кесу, алаяқтықтың алдын алу, жылжымайтын мүлікке жалған құжаттар жасауды болдырмау секілді бірқатар қырлары бар. Әрі «электрондық нотариус» арқылы кәсіпорындар мен нысандарды заңсыз басып алу оқиғаларында нотариустар мен тараптардың заңнаманы бұзуларына жол берілмейді. Сондықтан да аталған жобаның берері мол», - деді З. Бәлиева. Министрдің айтуынша, бүгінгі күні нотариат қызметінде бірқатар заңнамалық сипаттағы кемшіліктер орын алып отыр. «Атап айтқанда, нотариус пен нотариаттың мәртебесі анықталмаған, нотариалдық қызметтің сипаттары да белгісіз», - деді министр. Бұдан басқа, «Жылжымайтын мүліктерді тіркеудің электрондық мұрағаты» жобасы да енгізілетін болады. Бұл жоба бойынша мұрағаттарда, тіркеуші органдарда сақталған барлық құқық қалыптастыратын құжаттар көшіріліп, сақталады.