Әділет министрлігі ХҚКО-ның бір өтініш қағидасы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруда

АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазіргі таңда Әділет министрлігі Халыққа қызмет көрсететін орталықтардың бір өтініш қағидасы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы бүгін аталмыш министрліктің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Рашид Түсіпбеков мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бұл ұсыныстың мәні азаматтарды мемлекеттік қызмет алу үшін аталмыш орталықтарға көптеген құжаттардың көшірмелерін тапсырудан босату. Қажетті құжаттар туралы ақпараттар түгелдей мәліметтер базасында бар. «Мемлекеттік қызмет тек өтініштің және жеке тұлғаны куәландыратын құжат көшірмесінің негізінде көрсетілетін болады. Халыққа қызмет көрсететін орталықтардың бір өтініш қағидасымен жұмыс істеуі қазақстандықтар үшін мемлекеттік қызметті алу тәртібін едәуір жеңілдетіп, оларды артық шығындардан босатады. Сондай-ақ әділет органдарындағы құжат айналымын қысқартады», деді министр.