Әділет министрлігі меморгандар әзірлейтін заң жобаларының сапасын жақсартпақ

АСТАНА.  1 қазан. ҚазАқпарат - Әділет министрлігі мемлекеттік органдар әзірлейтін заң жобаларының сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар қамтыды.

Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында баяндама жасаған Әділет министрі Берік Имашев осылай мәлім етті.  

«Біріншіден, ұсынылатын заң жобаларын Үкімет жанындағы Ведомстоваралық комиссияда алдын ала қарау енгізіледі. Мұндағы басты механизм мемлекеттік органдар комиссияның барлық мүшелерінің ұстанымдарын ескере отырып, құжаттың тұжырымдамасын жетілдіретін болады. Егер келіспеушілік орын алған жағдайда Комиссия мүшелерінің ұстанымы отырыста қаралады. Ал комиссия құрамы мемлекет органдарының қызметкерлерінен бөлек, Парламент депутаттарынан, үкіметтік емес ұйым өкілдерінен тұрады.   Екіншіден, заң жобаларының тұжырымдамаларына қорытынды беретін заңнама институттарының жұмысы жандана түсті. Институт қызметкерлері заң жобалаудың жұмыс топтарына қатысатын болды», - дейді Берік Имашев. Оның айтуынша, жыл басынан бері заңнама институттары 72 тұжырымдама бойынша консультациялар жасаған. Бұдан бөлек, заң жобаларының сапасын жақсарту мақсатында заңнама техникаларын мониторингілеу жұмыстарын да жетілдіре түскен.  Сонымен қатар, Әділет министрлігінің сайтында жоспарға енген барлық заң жобаларының базасы орналастырылған. Онда әрбір жобалардың әзірленуінен бастап, оның Парламентпен қабылдануына дейінгі аралықтағы барлық жұмысы айқын көрсетіледі. 

«Біз алдағы уақытта да министрлік қызметін жетілдіруге ниеттіміз», - деді ол.