Әділет министрлігі шетел соттарында 9,4 млрд. доллар көлемінде Қазақстан мүддесін қорғады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 жылда шет елдердегі соттарда 9,4 млрд. АҚШ доллары көлемінде Қазақстан мүддесі қорғалды. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінен хабарланды.

«ҚР Әділет министрлігі халықаралық төрелік және шетелдік сот органдарында мемлекеттің мүддесін қамтамасыз етеді. Осы функцияны нығайту мақсатында 2010 жылы Мамандандырылған департамент құрылды. Департаменттің жұмыс кезеңінде Қазақстан Республикасының пайдасына 6 төрелік талқылау арқылы оң шешім қабылданды, олар бойынша 9,4 млрд.АҚШ доллар құрайтын талап арыздар қабылданбады»,-делінген министрлік хабарламасында.

Осылайша, 2010 жылы Қазақстан Республикасының пайдасына «Liman Caspian Oil BV» және «NCL Dutch Investment BV» жер қойнауын пайдаланушы - компанияларының инвестициялық талап арыздары бойынша 300 млн.АҚШ долларына (Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың төрелік Трибуналы) және «World Wide Minerals Ltd.» Канада компаниясының 3,7 млрд. АҚШ долларына (Стокгольм қ.) шешім шығарылған.

«2012 жылы Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың төрелік Трибуналы Қазақстанның пайдасына Қаратөбе компаниясының инвестициялық талап арызы бойынша 1,2 млрд. АҚШ долларына шешім шығарды. 2013 жылы Қазақстан Республикасының пайдасына «Руби Роз Агрикол» және Кассем Абдаллах Омар компанияларының талап арыздары бойынша 215 млн. АҚШ доллары (UNCITRAL) және «KT Asia Investment Group B.V.» компаниясының талап арызы бойынша 3 млрд. АҚШ долларына (UNCITRAL) шешім шығарылды»,-деп нақтылады ведомство.

Осы жылы Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың төрелік Трибуналы 1 млрд. АҚШ доллары сомасына талапкердің электроэнегетика саласындағы инвестициялық қызметімен байланысты «AES Corporation» компаниясының талап арыз талаптарынан бас тартты.

«Жалпы өндірісте 11 төрелік талқылау бар, ол бойыншаталап-арыз сомасы шамамен 4 млрд. АҚШ долларын құрайды»,-дейді министрлікөкілдері.

Қазіргі уақытта Департамент қызметкерлерінің штаты шетел тілін меңгерген 12 маманнан құралған. Қызметкерлердің барлығы «Болашақ» Халықаралық бағдарламасы бойынша АҚШ және Ұлыбританияның рейтингтік ЖОО-ның түлектері болып табылады.