Әділет министрлігі тарапынан Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тек құқықтық немесе әдістемелік көмек көрсетіледі

СТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін ұйымдастыру әкімдіктердің құзіретінде.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Ербол Ерімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атап айтқанда, ХҚО-лар биылғы жылдың қаңтарынан бастап әкімдіктердің қарамағына берілгені белгілі. Әділет министрлігінің тарапынан тек қана ХҚО-ға құқықтық немесе әдістемелік көмек көрсетіледі»,-деді ресми өкіл. Е. Ерімбетовтың сөзіне қарағанда, министрлік халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс істеу нұсқаларын, нормативтік-құқықтық актілерін жасау, қызметтерді стандарттар аясында атқару міндеттерін қарайды.

«Жергілікті жерлерде ХҚО-лардың қызметін ұйымдастыру бұл әкімдіктердің құзіретінде. Сондықтан осыдан бір ай бұрын халыққа қызмет көрсету орталықтарында туындаған мәселелерді әкімдіктер реттеуі тиіс еді»,-деді ресми өкіл.

«Қаңтардың 15-інде ХҚО-ларды әкімдіктерге беру туралы Үкіметтің қаулысы қабылданды. Қазіргі кезде халыққа қызмет көрсету орталығының мәртебесін анықтайтын басқа құжат қабылданған жоқ», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс депутаттарының бірі халыққа қызмет көрсету орталықтарын жергілікті атқарушы органдардың құзырына беру, ертерек қолға алынған шара екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, қазір аймақтардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзынсонар кезек. Осыған орай қазір осы саланың жұмысын жетілдірудегі тиімді бағыттардың бірі ретінде халыққа қызмет көрсету орталықтарын қайтадан Әділет министрлігінің құзырына беру қажет болып отыр.