«Бүгін депутаттарға таныстырған заң жобасының аясында бұл мәселе қаралып жатқан жоқ. Бірақ Әділет министрлігінің қарауына еңбек сарапшыларынан Қылмыстық кодекске осы мәселеге байланысты норма енгізу жөнінде ұсыныс түсті. Жалпы мұндай мәселе бар. Сондықтан қосымша зерделенеді. Біз мемлекеттік орган болғандықтан кез келген ұсынысты қабылдап, бекіте алмаймыз. Қандай да бір норманы енгізу үшін оны негіздеуіміз керек. Сондықтан біздің зерделеуіміз қандай да бір фактілерге, статистикалық мәліметтерге сүйенеді. Халықаралық тәжірибе мен теориялар ескеріледі. Мұндай норма енгізу орынды деп танылса, кодекс аясында бастама көтереміз», - деді ол.
Сондай-ақ, Алма Мұқанова заңдағы диспозиция мен одан туындайтын санкцияларды дұрыс қалыптастыру үшін қазіргі ахуалды толық зерделеу қажеттігін еске салды.
«Мысалы, «жұмыс орнында жыныстық мақсатпен мазасын алу» деп жазып қоя алмаймыз. Мазасын алу деген ұғымның астарында қандай әрекеттерді айтып тұрғанымызды айқын түсіндіріп, заң тұрғысынан негіздеуіміз керек», - деді вице-министр.