«Әділет» және «Әділетті Ресей» партиялары бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді

АСТАНА. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Қазақстан мен Ресейдің партияаралық ықпалдасу үрдістері» тақырыбында «Әділет» демократиялық партиясы мен «Әділетті Ресей» саяси партиясының бірлескен баспасөз мәслихаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әділет» ДП төрағасының бірінші орынбасары Төлеген Сыдықовтың айтуынша, «Әділет» және «Әділетті Ресей» партиялары 2007 жылдан бастап өзара тығыз қарым-қатынастарда қызмет етіп келеді.

«Бірігіп жұмыс істейтінімізді жария ету ғана жеткіліксіз, елдер арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту және кеңейту мәселелерін іс жүзіне асырудың жолдарын қарастыра отырып, бұл ықпалдастықты тиімді ету қажет», - деді «Әділетті Ресей» СП сыртқы байланыстар жөніндегі басқармасының жетекшісі Борис Гуселетов.

Өз кезегінде «Әділетті Ресей» фракциясының мүшесі, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Татьяна Москалькова аталмыш қазақстандық және ресейлік партиялардың дербес сайттарында екі жақтың азаматтары үшін еркін пікір-талас алаңын құру ұсынысын жеткізді.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатына қатысушылар «Нұр Отан» ХДП-ның бастамасымен шақырылған Азия елдері саяси партияларының форумына оң баға берді. «Қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында Азия елдеріне туындаған қиындықтардан өздігінен шығу қиын. «Жұмыла көтерген жүк - жеңіл», демекші, форум бұл проблемаларды бірлесе отырып шешуге үндейді. Әрине, форумды Еуропалық Парламенттің деңгейімен салыстыру қиын. Бірақ форумды, бұл жолдағы алғашқы қадамдар деп есептейміз», - деді Т.Сыздықов.