Мемлекет басшысының өкімімен Сырымбет Ерденұлы Қаскеев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды.
— Президент өкімімен Әділ Миратұлы Құсманов Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды, — делінген хабарламада.
Әділ Миратұлы 1994 жылы 25 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Оксфорд университетінде (University of Oxford) математикалық модельдеу және ғылыми есептеулер мамандығы бойынша магистр дәрежесін, сондай-ақ Назарбаев Университетінде математика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2018-2020 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында жетекші сарапшы ретінде бастаған.
2020-2023 жылдары ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингілеу орталығының сараптамалық-талдау тобының консультанты, жетекшінің орынбасары, жетекші қызметін атқарған.
2023 жылғы қаңтар — 2024 жылғы қараша аралығында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.
2024 жылғы қараша айынан бастап «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы болды.
Президенттік жастар кадрлық резервінің 3.0 мүшесі.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Президентінің, ҚР Президенті Әкімшілігі басшылығының, ҚР Премьер-Министрінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген.
Бұдан бұрын ШҚО жолаушы көлігі басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазған едік.