Әділет министрі норма шығару саласында қосымша біліктілік талаптарын белгілеуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Норма шығару саласында тәжірибенің болуы туралы қосымша біліктілік талаптарын белгілеу мүмкіндігін пысықтау қажет. Бұл туралы Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.
- Заң қызметтеріне келетін болсақ, олар, әрине, құқықтық мемлекет құрудың негізгі буыны саналады. Бүгінгі күні норма шығару қызметінің сапасына қатысты жүйелі мәселелер бар. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға әкімшілік талаптардың жоғары деңгейі сақталып отыр, - деді министр.
Оның атап өтуінше, осыған байланысты, Әділет министрлігі назарын екі негізгі бағытқа аударып отыр:
- болжамды-талдамалық жұмысты және заң сараптамасын түбегейлі күшейту;
- алдын алу шараларын әзірлей отырып, сот және құқық қолдану практикасын жүйелі түрде талдау.
- Дәйекті норма шығару қызметін қамтамасыз ету жолында бірінші қадам жасалды – құқықтық мониторинг Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдарына ерекше назар аудара отырып, заңнама салаларының тиімділігін талдауға қайта бағытталды. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен біркелкілігін қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты міндет қойды – әкімшілік тәжірибені жүйелі түрде талдау және жауапкершілікті соттарға жүктемей, проактивті шаралар қабылдау. Аталған бағыттарда заң қызметтерінің рөлі аса маңызды. Өйткені оларға ведомствоның ішінде үйлестіру мен құқықтық қамтамасыз ету жүктелген, - деді ол.
Министр кадрлық әлеует туралы айта келе қазір заң қызметтерінің басшыларына олардың қызметінің ерекшелігін ескермейтін жалпы біліктілік талаптары белгіленгеніне тоқталды.
- Біздің ойымызша, базалық құқық қолдануға бағытталған жұмыс тәжірибесі норма шығарудағы тәжірибеге тең келмейді. Өйткені ол мемлекеттік саясатты тікелей іске асыруды білдіреді – бұл тек терең білімді ғана емес, тиісті құзыреттілік пен біліктілікті талап етеді. Осыған байланысты норма шығару саласында тәжірибенің болуы туралы қосымша біліктілік талаптарын белгілеу мүмкіндігін пысықтау ұсынылады, - деді Ерлан Сәрсембаев.
Айта кетейік, бүгін Сенатта сот және құқық қорғау жүйелерінің, сондай-ақ норма шығармашылық қызметтің сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің кадрлық әлеуетін нығайту аясында заң білімін дамыту мәселелері бойынша парламенттік тыңдау өтті. Онда Әділет министрлі заң клиникаларын дамыту бойынша түбегейлі реформалар жүргізу қажеттігін айтқан еді.