Әділет министрі Стати ісін қолдан созу туралы: Сәйкес ақпарат бар, бірақ ол қызметтік құпия
Әділет министрі Азамат Есқараев Стати ісінің Қазақстан тарапынан қолдан созылып отырғаны туралы пайымға пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Кейбір сарапшылар Стати ісін Қазақстан тарапынан жүргізіп отырған топ оның неғұрлым ұзақ созылуына мүдделі деген пікір айтып жүр. Өйткені ол жерден адвокаттарға ақша төленіп жатыр, бюджеттен ақша бөлініп отыр. Яғни, Стати ісі неғұрлым көбірек жүрсе, іс жүргізуші топ соғұрлым пайдаға кенеледі деген пайым бар. Тіпті осы мүдделі топтың қатарында бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың да аты аталады. Сіз министр болып келгеннен бері Стати ісін осы тұрғыдан зерделеңіздер ме? Істі қолдан созу дерегін кездестірмедіңіз бе?», – деп сұрады БАҚ өкілі.
Министр әуелі өзінің істі созуға ешқандай мүдделі емес екенін айтты.
«Әрине, менің алдымда істеген адамдардың жұмысына баға бере алмаймын. Ал бірақ осы мәселе бойынша өзімнің ішкі ұстанымымды айтайын. Бұл мәселені әрі қарай созбалауға ешқандай ынтамыз да, ниетіміз де жоқ. Елге де бұл сұрақтың қажеті жоқ. Сондықтан егер біздің әріптестеріміз халықаралық құқықтық деңгейде көмек көрсетіп, іске асырып жатқан шаралар оң нәтижесін беріп жатса, бұл мәселені тез шешуге дайынбыз», – деді министр.
Азамат Есқараев Стати ісінің ұзаққа созылуына байланысты кейбір деректер құпияға жатынын мәлім етті.
«Істі қолдан созу деректері туралы сізге былай айтайын. Сәйкес ақпараттар бізде бар. Бірақ мен ол ақпаратты сізге айта алмаймын. Өйткені жұмыс бабына байланысты», – деді Әділет министрі.