Әділет министрі зорлық-зомбылыққа қарсы петиция қандай тәртіпте қаралуы мүмкін екенін айтты
Әділет министрі Азамат Есқараев петиция жарияланатын жаңа платформаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Жаңа заң күшіне енді. Енді сол бойынша жұмыс істейтін жаңа платформа жақын арада дайын болады деп сенемін. Осы орайда жаңа заңға сәйкес бұл платформада қайтадан петицияға (отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау туралы) қол қойып, жіберуге болады. Бұған дейінгі 2021 жылғы ескі платформада біраз дауыс жиналғанын жақсы білемін. Бірақ ол жаңа онлайн-платформа негізінде және қабылданған заңға сәйкес жасалмағанын ескеру керек. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, сондықан заңды басшылыққа алуымыз керек деп есептеймін», - деді А. Есқараев Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы петиция жаңа платформада қайтадан дауыс жинаса, ондағы мәселе қаралады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, отбасындағы және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғау туралы петицияға 150 мыңға жуық қазақстандық қол қойды.