Әділет министрлігі сот орындаушыларына талапты қатаңдатпақ

Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM — Әділет министрлігі алимент өндіру көрсеткішін жақсарту үшін сот орындаушыларына қойылатын талаптарды қатаңдатпақ. Бұл туралы Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова айтты. 

Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген вице-министрдің айтуынша, Әділет министрлігі алимент өндіру көрсеткішін жақсарту үшін үнемі жүйелі шараларды қабылдап келеді. 

— Қазіргі уақытта Мәжіліс сот-атқарушылық өндірісті жетілдіруге бағытталған заң жобасын қарастырып жатыр. Сот орындаушыларына талап қатаңдатылатын болады. Мұнан бөлек, Әділет министрлігі реттелетін барлық саланы цифрландыру бойынша белсенді іс-шараларды жүзеге асыруда, — деді ол.

Таяуда Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті соңғы уақытта өзін сот орындаушысы ретінде таныстырып, министрліктің эмблемасын заңсыз пайдаланатын жағдайлар жиілегенін ескерткен еді.