Әділет министрлігі сот сараптамасының жаңа әдісін бекітті

АСТАНА.KAZINFORM — Әділет министрінің 2026 жылғы 10 маусымдағы бұйрығымен сот сараптамалары мәселелеріне қатысты бірқатар бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, сот сараптамаларының күрделілік санаттарын айқындау қағидалары жаңартылды.

Фото: Pexels

Сот-сараптамалық зерттеулердің жаңа бағыттары

Енді заттар мен материалдарға қатысты сот-сараптамалық зерттеулердің қатарына төмендегілер енгізілді:

  • лак-бояу материалдары, жабындар және полимерлік материалдарды зерттеу;

  • мұнай өнімдері мен жанар-жағармай материалдарын зерттеу;

  • металдар мен қорытпаларды зерттеу;

  • топырақтарды зерттеу;

  • талшықты материалдар мен олардан жасалған бұйымдарды зерттеу;

  • спиртті сұйықтықтарды зерттеу;

  • арнайы химиялық заттарды зерттеу;

  • шыны, керамика және силикатты құрылыс материалдарынан жасалған бұйымдарды зерттеу;

  • газдық және сұйық хроматография, сондай-ақ масс-спектрометрия әдістері арқылы заттарды зерттеу (жаңа);

  • молекулалық спектрометрия әдістері арқылы заттарды зерттеу (жаңа).

Жаңа сараптамалардың мазмұны

Жаңа бағыттар бойынша сараптаманың мақсаты – инструменталды әдістер (газдық немесе сұйық хроматография, масс-спектрометрия, ультракүлгін, инфрақызыл және комбинациялық спектрометрия) арқылы заттардың сапалық және сандық құрамын, құрылымы мен қасиеттерін анықтап, олардың табиғаты туралы объективті деректер алу.

Зерттеу объектілері

Зерттеу нысандарына мыналар жатады:

  • органикалық заттар (улы, радиоактивті және ядролық материалдардан басқа);

  • газдар (мысалы, азот тотығы және т.б.);

  • арнайы шектеулі күшті әсер ететін заттар (бензобарбитал, гексобарбитал, зопиклон, клозапин, прегабалин, сибутрамин, тропикамид, хлороформ және т.б.);

  • салыстырмалы және бақылау үлгілері;

  • қылмыстық іс материалдары және заттың шығу тегі, өндіріс технологиясы, сақтау тәсілі туралы мәліметтер.

Сараптама барысында шешілетін сұрақтар

  • зерттеліп отырған заттың табиғаты қандай;

  • объект құрамында белгілі бір зат бар ма;

  • заттың сандық құрамы қандай;

  • зат іздері қандай объектілер бетінде кездеседі;

  • газ түріндегі заттардың (мысалы, азот тотығы) бар-жоғы анықталады.

Молекулалық спектрометрия зерттеуі

Бұл әдіс инфрақызыл, ультракүлгін және комбинациялық шашырау спектрометриясына негізделеді. Ол заттардың құрылымы мен қасиеттерін анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеу жүргізуге арналған жабдықтар

Жаңа зертханалар келесі құралдармен жабдықталуы тиіс:

  • газдық және сұйық хроматографтар;

  • масс-спектрометрлер;

  • инфрақызыл және ультракүлгін спектрометрлер;

  • роторлы буландырғыш;

  • ультрадыбыстық ванна;

  • аналитикалық таразылар;

  • микроскоптар;

  • проба алғыштар;

  • зертханалық пештер мен шкафтар;

  • компьютерлік жүйелер және спектрлік деректер базалары және т.б.

Кадрларды даярлау талаптары

Егер сараптаманың жаңа түрі алғаш рет енгізілсе, мамандарды даярлау сыртқы ұйымдарда (ЖОО, ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми-техникалық орталықтар) немесе тиісті тәжірибесі бар мекемелерде жүргізіледі.

Оқу мерзімі – кемінде 1 ай. Оқуды аяқтағаннан кейін тиісті сертификат немесе куәлік беріледі.

Бұйрық 2026 жылғы 3 шілдеден бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, барлық кәсіби заңгерлер Сот төрелігі академиясында тегін оқи алады.