Әділет министрлігі Стати ісіне қатысты тәсілін өзгертті
Әділет министрі Азамат Есқараев Стати ісі бойынша тергеу барысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Люксембург, Молдава және Қазақстан желісі бойынша тергеу қылмыстық тәртіппен жүргізіліп жатыр. Өзге елдерде азаматтық және арбитраждық процесс жүргізілуде. Көптеген құзыретте жұмыс қолға алынған. Шешім қабылданды, жұмыс жүріп жатыр», - деді Азамат Есқараев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Министр бұл істі жүргізу барысында Қазақстан бірде-бір тиын жұмсамағанын айтады. Сондай-ақ ол министрліктің бұл іске қатысты тәсілі өзгергендігін атап өтті.
«Әрине, біз бағдарды өзгерттік. Сондықтан жұмыс қайтадан түзетілді. Бұл біздің ішкі мәселеміз болғандықтан оны тарата алмаймын. Жұмыс жаңа компаниямен жалғасып жатыр. Бұған дейінгі компаниялардың бірімен келісімшартты бұздық. Осы тұрғыдан алғанда жұмыс түзетілді», - деді ол.
Бұған дейін Азамат Есқараев Стати ісінің Қазақстан тарапынан қолдан созылып отырғаны туралы пайымға пікір білдірген еді.