Әділет министрлігі цифрлық сот орындаушы жүйесінің алғашқы нәтижелерін таныстырды

Фото: Фото: Русан Ғаббасов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағаты аясында ұйымдастырылған көрмеде Әділет министрлігі цифрлық сот орындаушы жүйесінің алғашқы нәтижелерін таныстырды. 

Цифрлық сот орындаушы былтыр 20 тамызда жүйеге қосылған.

— Адамның қатысуынсыз, яғни жеке сот орындаушысыз атқарушы құжаттарға қатысты талаптарды орындайды. Робот қарызы бар адамдарға хабарлама жолдап, тиісті шектеулерді қояды. 30 күн өткеннен кейін берешек адам талаптарды өз еркімен орындамаса, онда осы жүйе істі жеке сот орындаушысына өткізеді, — деді ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің басқарма басшысы Ілияс Есалиев.

Оның айтуынша, осы робот жұмыс істеп тұрған ақпараттық жүйеге барлық мемлекеттік және жеке сот орындаушылары қосылған. Жеті айдың ішінде цифрлық сот орындаушы 650 мың іс қозғап, 176 мыңға жуық істі аяқтаған. Мемлекет пайдасына 3,5 млрд теңгеге тарта қаражат өндірді. Сондай-ақ жүйенің ақысыз қызметінің арқасында, халықтың 910 млн теңгесін үнемделді.

— Цифрлық сот орындаушыға тек айыппұлдар мен салық берешегін өндіру туралы құжаттар түседі, яғни 20 айлық есептік көрсеткішке дейін. Қалған істер тікелей жеке сот орындаушыларына бағытталады. Цифрлық сот орындаушысы ақпараттық жүйеге қосылған және онда жасанды интеллектінің элементтері бар, — деді басқарма баяшысы.

Бұған дейін сот орындаушысына ақша төлеуден құтқаратын роботты қалай пайдалануға болатынын жазған едік.