«Әділет» партиясы алаңында экономикалық даму және заң үстемдігі сараланды

АСТАНА. KAZINFORM — «Әділет» партиясының алаңында бизнес өкілдері, экономистер, заңгерлер мен сарапшылар экономиканы дамыту және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ стратегиялық сессияға партияның Саяси Кеңес Бюросы мен Саяси кеңес мүшелері қатысты.

Фото: «Әділет» партиясы

Партия Төрағасы Айбек Дәдебай экономика мен құқық мәселелерін бір-бірінен бөліп қарастыру мүмкін емес екенін атап өтті.

 — Заң үстемдік етпесе экономикалық еркіндік «құқық күштінің жағында» қағидатына айналады. Заң нақты экономиканы ескерген жағдайда ғана жүйелі жұмыс істейді, — деді Айбек Дәдебай.

Қатысушылар тұрғындардың тұрмысына тікелей әсер ететін мәселелерге ерекше назар аударды. Экономист, Қазақ мұнай және газ институты бас директорының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеев экономикалық ахуалды бағалау кезінде тек макроэкономикалық көрсеткіштерге емес, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларға да баса мән беру қажет екенін айтты.

 — Әлеуметтік көрсеткіштерге ерекше көңіл бөлу қажет. Экономикалық саясатты қалыптастыру барысында дәл осы көрсеткіштер айрықша орын алуға тиіс, — деді Жақсыбек Құлекеев. 

Көтерілген мәселелердің шешімі жекелеген шараларды емес, кешенді тәсілді талап етеді. Сарапшылар осындай ортақ пікірге келді. Мұндай жұмыс қандай қағидаттарға негізделуі керек екенін Қазақстан инвесторлары Қауымдастығының басшысы Рустам Жүрсінов айтты.

 — Қазақстан өзінің қуатты тұстарына — энергетикаға, металлургияға, көлік саласына, аграрлық секторға, табиғи ресурстарға және транзиттік әлеуетіне сүйенуі қажет. Алайда бұл салалардың бәсекеге қабілеттілігі тек технологиялар, өнімділік және заманауи басқару арқылы мүмкін болмақ, — деді ол. 

Сондай-ақ Dasco Consulting Group басқарушы серіктесі Дәрмен Сәдуақасов, заң ғылымдарының докторы Марат Қоғамов, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев, Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан, Fortune Partners басқарушы серіктесі Дана Тоқмырзина және «Саят Жолшы және Әріптестер» заңгерлік компаниясының аға серіктесі Арман Бердалин өз ұсыныстарын ортаға салды. Кездесуді қорытындылай келе партия Төрағасы Айбек Дәдебай сарапшылар қауымдастығының ұсыныстары экономиканы дамытуға және заң үстемдігін нығайтуға қажетті практикалық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 — Бүгін біз жай ғана пікір алмасқан жоқпыз. Елдің экономикалық дамуы мен құқықтық жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты маңызды бастамаларды бірге талқыладық, — деп түйіндеді Айбек Дәдебай. 

Сарапшылармен өткен осындай кездесу алдағы уақытта да партия жұмысының барлық басым бағыты бойынша жалғасады. 

Еске сала кетейік, «Әділет» партиясы бизнес пен мемлекет диалогын күшейтуді көздейтінін жаздық.