«Әділет» партиясының барлық облыстағы филиал басшылары сайланып болды

АСТАНА. KAZINFORM - «Әділет» партиясы облыстық филиалдарының басшылық құрамын толықтай жасақтап болды. Қазақстанның барлық өңірінде өткен конференциялардың қорытындысы бойынша филиал төрағалары, Саяси кеңестердің мүшелері және Тексеру комиссияларының құрамы сайланды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Конференцияларға партияның облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ жаңадан сайланатын басшылық органдардың мүшелері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа Дәуір» атты үндеуін қолдау болды.

Сонымен қатар қатысушылар партияның өңірлік филиалдарының басшылық органдарын жасақтау мәселесін талқылады. Дауыс беру нәтижесінде партияның барлық өңірлік филиалдарының басшылық құрамы толық бекітілді. Саяси кеңестердің құрамына 808 адам енді.

Олардың қатарында шағын және орта бизнес өкілдері – 22,8%, білім және ғылым саласының мамандары – 13%, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақ өкілдері – 10,2%, мәдениет және спорт саласының өкілдері – 8,9%, өнеркәсіп саласының мамандары – 7,5%, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының өкілдері – 6,7%, денсаулық сақтау қызметкерлері – 5,6%, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – 5,4%.

Тексеру комиссияларының құрамына 100 адам сайланды. Олардың басым бөлігі экономика, қаржы, бухгалтерлік есеп және құқық салаларында тәжірибесі бар мамандар.