Оның айтуынша, AMANAT партиясы «Әділет» партиясының құрамына қосылу туралы бастама көтерген.
— Кеше біздің әріптестеріміз — AMANAT партиясы «Әділет» партиясына қосылуға ниет білдірді. Бүгін біз бұл ұсынысты қарап, қабылдау туралы шешім қабылдадық, — деді Рауан Кенжеханұлы.
Саясаткердің сөзінше, бірігу туралы саяси шешім қабылданғаннан кейін партияның атауы ретінде «Әділет» сақталады. Осыған байланысты өңірлердегі партиялық нысандарда да өзгерістер кезең-кезеңімен жүргізіледі.
— Сондықтан маңдайшалар, логотиптер және басқа да визуалды бренд элементтері өзгере бастауы заңды құбылыс. Дегенмен мұның нақты қашан жүзеге асатыны әзірге талқыланған жоқ, — деді ол.
Рауан Кенжеханұлы қазіргі кезде барлық үдерістің қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
— Барлығы өте жылдам өрбіп жатыр. Бүгінгі съезд және қабылданған шешім бұл жұмысты бастауға жақсы сигнал болды деп ойлаймын, — деді ол.
Сондай-ақ ол өңірлердегі филиалдарды қайта ұйымдастыру мен заңдық рәсімдеу жұмыстары алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Айта кетелік AMANAT атынан сайланған мәслихат депутаттары жұмысын жалғастырады.