Съезд барысында бұл қадам елдің саяси жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі ретінде сипатталып, саяси күштердің ортақ мақсаттар төңірегінде топтасуы ретінде бағаланды.
Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, қабылданған шешім екі ұйымның бірігуі ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы прогрессивті және жауапты саяси күштердің консолидациясын білдіреді.
– Бүгін біз маңызды саяси қадамға куә болып отырмыз. Бұл тек екі партияның бірігуі емес, ортақ мақсат жолында әрекет ететін саяси күштердің топтасуы, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл шешім мемлекет пен қоғам мүддесін алға қоюға бағытталған саяси мәдениеттің көрінісі болып табылады.
Съезде сондай-ақ партияның өңірлік құрылымдарын дамыту, филиалдар құру және олардың ережесін бекіту мәселелері қаралды. Делегаттар бұл процестер партияның жергілікті деңгейдегі жұмысын күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айбек Дәдебай партияның жаңа кезеңге аяқ басқанын айтып, ұйымның алдағы міндеттерін де айқындады. Оның сөзінше, негізгі басымдықтар қатарында заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділеттілікті мемлекеттік саясаттың негізіне айналдыру және азаматтардың күнделікті өмірінде реформалардың нақты нәтижесінің көрінуін қамтамасыз ету бар.
Съезге қатысушылардың айтуынша, AMANAT партиясымен бірігу елдегі саяси үдерістердің тиімділігін арттырып, қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етеді.
Еске салсақ елордада «Әділет» партиясының II Съезі өтіп жатыр.