Әділет вице-министрі онлайн сенімхаттардың қауіпсіздігі мен алимент өндіру жүйесін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Парламентте қаралып жатқан жасанды интеллект туралы заң жобасы және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Іс-шара барысында ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Журналистер цифрлық нотариат жобасы арқылы онлайн форматта берілетін сенімхаттардың қауіпсіздігіне қатысты сауал қойды.
— Біз соңғы екі жылда 520 мыңнан астам онлайн сенімхат бердік. Осы уақыт ішінде бірде-бір шағым, сот дауы немесе күмәнді жағдай тіркелген жоқ. Себебі барлық процес толық қауіпсіздік жүйелері арқылы жүргізіледі. Барлық әрекет eGov порталы және биометриялық растау арқылы жүзеге асады. Егер нотариус адамның жағдайына күмәнданса — мысалы, оның мас күйінде екенін немесе қысыммен әрекет етіп отырғанын байқаса, ол бірден қызмет көрсетуден бас тартады. Бұл бас тарту жүйеде белгіленеді және басқа нотариустар да сол ақпаратты көреді. Осылайша, Әділет министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ да процестің қауіпсіздігіне жауап береміз, — деді вице-министр.
Сонымен қатар журналистер қазіргі уақытта алимент төлеушілерден қарызын ала алмай жүрген азаматтардың шағымы көбейгенін айтып, цифрлық жүйе бұл мәселені шешуге көмектесе ме деген сауал қойды.
— Иә, әрине. Бізде «Әділет» мобильді қосымшасы бар. Барлық азаматты осы қосымшаны жүктеуге шақырамыз. Ол арқылы жеке сот орындаушылардың іс-әрекеттерін бақылап отыруға болады. Сондай-ақ жүйеде сот орындаушысы қандай күні қандай іс жүргізуі тиіс екені де көрсетілген. Цифрландырудың арқасында комитет азаматтардың шағымдарын нақты қадағалап, палата тиісті шара қолданбаса, біз бірден лицензиядан айыру мәселесін қарай аламыз, — деп түсіндірді Бекболат Молдабеков.
Еске сала кетейік, Олжас Бектенов Президенттің «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде әділет органдарында цифрлық шешімдерді енгізу барысымен танысқан еді.