«Адрия інжуі» турнирі: Қазақстандық сегіз боксшы қыз финалға шықты

Фото: Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM - Жастар арасындағы халықаралық «Адрия інжуі» турнирі Черногорияның Будва қаласында өтіп жатыр.

Жартылай финалда еліміздің атынан тоғыз боксшы сынға түскен еді. Олардың арасынан 8-і жарысты жалғастыруға мүмкіндік алса, 1-і қола жүлдені қанағат тұтты.

Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, Рахмина Абдумежитова (52 келі) Түркия боксшысын 5:0 есебімен жеңді. Енді ол финалда Ресей өкілімен кездеседі. Ал 57 келіде Ақнұр Тұрсынғали ресейлік қарсыласын 3:2, Регина Тибенява беларусьтік боксшыны 4:0 есебімен тізе бүктірді. Енді финалда қос қазақстандық күш байқасады.

Ел құрамасынан Алина Құдайгенова (63 келі) түрік қызын 5:0 есебімен жеңіп, енді финалда Ресей боксшысымен жекпе-жекке шығады.

Сондай-ақ 66 келіде финалда тағы да қазақстандық екі боксшы щеберлік байқасады. Бұл салмақта Айсұлу Мұхит ресейлік қарсыласын 3:2, Ақбота Есімбекова әзербайжандық спортшыны 5:0 есебімен қапы қалдырды.

Ал Мария Сидоренко (70 келі) ресейлік қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, енді ақтық жекпе-жекті түркиялық боксшыға қарсы өткізеді.

Тағы бір спортшымыз Сабина Жақсылық (81 кг жоғары) әзербайжандық қарсыласымен жекпе-жекті алғашқы раундта аяқтады. Енді ол финалда түркиялық спортшымен кездеседі.

Ел құрамасынан Толғанай Қасымхан (60 келі) ресейлік қарсыласына жол беріп, турнирдің қола жүлдегері атанды.

Осыған дейін Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті тағайындалғанын жаздық.