«Жергілікті прокуратура органдары қызметіндегі жағымды тәжірибелер туралы атап өтпекпін. Бірқатар өңірде прокуратура және басқа да құқық қорғау органдарының халықпен бірлесе жұмыс істеуінің тиімді нәтижесін де көрдік. Олардың бұл қызметтері басқа өңірлер үшін және болашақта осындай жағдайларды болдырмау, алдын-алу үшін өте қажет, сол себепті арнайы зерттеуді қажет ететіні де сөзсіз. Мысалы, комиссия Шымкент қаласы прокурорының іс-қимылдарына жоғары баға береді», - деді А. Құспан.
Осы орайда ол прокуратура қалалық сот төрағасымен келісе отырып, Полиция департаменті және аудандық басқармаларында прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен көшпелі әкімшілік және тергеу соттарының отырыстарын ұйымдастырғанын айтты.
«Нәтижесінде, өтінішхаттардың сотпен жедел қаралуына және қылмыстық істің созбалаңға салынуына жол берілмеді. Жалпы ішкі істер органдарына 3521 адам жеткізіліп, оның ішінде қылмысқа қатысы бар деп 90 адам қамауға алынған, 503-і әкімшілік жауапқа тартылған. Қалған 2891 адаммен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, олар күдікті деп танылмай тұрып босатылған. Және бір назар аударатын сәт, қала прокуроры жеткізілген және ұсталған азаматтардың туыстары мен қоғам белсенділерін жеке қабылдау жүргізу арқылы қылмыстық іс пен орындалған тергеу әрекеттері, олардың құқықтары, ұсталғандардың жай-күйі жөнінде түсіндіру жұмыстарын ашық жүргізіп келген. Оның біріне біздің комиссия толық құрамда қатыстық. Соның нәтижесінде, терроризм актісі бойынша (ҚК-тің 255-бабы) сараланған 19 күдіктінің әрекеті жаппай тәртіпсіздікке (ҚК-тің 272-бабы) қайта сараланды. Қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған 90 күдіктінің 44-і не қатысты қолданылған бұлтартпау шарасы өзгертілді. Әрине, бұл бағыттағы бірлескен жұмыстарымыз жалғасын табатын болады», - деді А. Құспан.