Адвокат өз қорғауындағы адамға жету үшін сағаттап күтіп тұрады - заңгер

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты, заң ғылымдарының кандидаты Данияр Канафин құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл саласындағы проблеманы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қызметтің азаматтар үшін ашықтығы тұрғысынан алып қарасақ, онда бұл ғимараттарға (құқық қорғау органдары) кіру әлдеқайда еркін болуы керек. Қазір фронт-офистер құрылып жатқаны белгілі. Бұл тәжірибе әлі де дамып, азаматтар мен мемелкеттік құрылымдар арасында байланысты жетілдіреді деп үміттенемін. Бірақ қазір әңгіме ол туралы емес. Осы уақытқа дейін адвокат өз қорғауындағы адамға жету үшін кейде сағаттап күтіп тұрады. Күн суық болса да, осы ғимараттың кіреберісінде күтіп тұруға мәжбүр», - деді Д. Канафин Мәжілісте адвокатура тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.

Оның айтуынша, бұл уақыт аралығында клиентке моральдық-психологиялық тұрғыда қысым жасалуы мүмкін.

«Оны жауап беруге көндіруі ықтимал немесе басқа да түрлі айлалар мен әдістер арқылы теріс дәлелдемелік базаны құруға ықпал етеді. Қорғау құқығын қамтамасыз етудің, адвокаттың мәртебесін көтерудің бір жолы осы мәселені шешу деп білеміз», - деді заңгер.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев саладағы мәселелерге қатысты ұсыныстарын жариялады.

Оның пайымынша, адвокат мамандығын «Дипломмен ауылға» жобасына енгізу керек.





Ашы қ к ө здерден алын ғ ан фото