Адвокат Перизат Қайрат пен оның анасын ақтауды талап етіп, сотқа шағым түсірді

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде таратылған Biz birgemiz қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайраттың адвокаты сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы елорда сотының баспасөз қызметі хабарлайды. 

– Шағым түсті. Апелляциялық шағым түскен кезде судья оның дұрыс толтырылуын және берілу мерзімін тексереді. Егер шағым Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сай болса, заңда белгіленген мерзімде істі Астана қаласының сотына жолдайды, - деген хабар алдық қалалық соттан. 

Сондай-ақ ақпаратта іс апелляцияға түсіп, өндіріске қабылданған жағдайда қосымша хабар берілетіні айтылған. 

– 8 тамызда апелляциялық шағым түсірдім. Онда бірінші сатыдағы соттың үкімін жойып, қылмыстық құрамның болмауына байланысты ақтауды сұрадым, - дейді адвокат Асланбек Дәулетияров.

Еске салайық, елорда соты Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Ғайни Алашбаеваға 7 жылға үкім шығарған еді. 

Артынша Перизат Қайрат пен оның анасының адвокаты Асланбек Дәулетияров үкімді заңсыз деп танып, аппеляциялық тәртіппен даулайтынын мәлім етті. 

Сондай-ақ сот үкімімен Перизат Қайрат жәбірленушілердің шығынын өтеуге міндеттелді.