Аталған құжат төрелік соттар қызметіне жаңа әдістерді енгізуді қарастырады. Атап айтқанда, төрелік соттар келісімінің дербес қағидасы бекітіледі, сонымен бірге, құпиялылық қағидаты бойынша әрекет ету ауқымы кеңейтіледі. Бұдан бөлек, төрелік соттардың біліктілік талаптары нақтыланады. Осыған орай, Қазақстанда төрелік соттар палатасын құру шарасы да көзделеді. Ондай институттың құрылуы төрелік соттар қызметін жүзеге асыру үшін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларды қамтамасыз етеді.
«Төрелік соттар қызметін жетілдіру мақсатында осы саланы зерделей түсу үшін ғылыми-тәжірибелік шаралар кешені жүзеге асырылатын болады. Төрелік соттардың сапалық құрамын қайта қарау, оқыту семинарлары арқылы олардың біліктілігін көтеру қамтамасыз етіледі. Тағы бір маңызды жаңалық, заң жобасы бойынша адвокаттық қызмет туралы қолданыстағы заңға түзету енгізіледі. Осы арқылы біз адвокаттарға төрелік (арбитраждық) соттағы дауларға қатысуды ұсынатын боламыз. Бұның аясында олар арбитр бола алады. Жалпы қолданыстағы заңда оларға қатысты тікелей тыйым салу жоқ. Алайда, осындай норма болмағандықтан, адвокаттар бұндай іске қатыспай келген болатын», деді вице министр З. Баймолдина.
Заң жобасы палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылады.